Спорт түрлерін дамыту дирекциясы құрылды

Құрметті елордалық спортсүйер қауым!

Сіздерге Нұр-Сұлтан қаласының спортында болған елеулі өзгерісті хабарлағымыз келеді.

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Толағай» жоғары спорт шеберлігі мектебі» «Олимпиадалық спорт түрлері бойынша дамыту дирекциясы» және «Жігер» спорттық клубы» «Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша дамыту дирекциясы» болып қайта құрылды.

Мекемелердің жұмыс жүйесін өзгертудегі негізгі мақсат – әр дирекция тікелей өз бағыттары бойынша спорт түрлеріне баса мән бере отырып, елордалық спортшылардың түрлі жарыстарға даярлық жұмыстарын сапалы жүргізуіне және жоғары нәтижелер көрсетуіне жағдай жасау.

Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңына сәйкес, спортшылардың облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға даярлық жұмыстарын қамтамасыз ету осы уақытқа дейін дене шынықтыру және спорт басқармасының құзырында болып келді. Ал аталған жарыстарға даярлық  жұмыстарын жүргізетін аға жаттықтырушылардың басқармада штаттық бірлігі болмағандықтан, оларға тиесілі  еңбекақы қарастырылмаған еді.

Алдағы уақытта осы тәріздес тағы да бірқатар мәселе өз шешімін тауып, жоғарыда айтылған өзгертулер нәтижесінде «Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту дирекциясы» мен «Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту дирекциясы» мекемелерінің өкілет аясы кеңіп, Нұр-Сұлтан қаласының құрама командаларының спорттық іс-шараларға, халықаралық жарыстарға даярлық жұмыстары лайықты деңгейде іске  асады деген сенімдеміз.