Елордалық спортшы Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алды

Нұр-Сұлтан қаласының спортшысы Анастасия Лаврова Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Доха қаласында үстел теннисінен Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі өтіп жатыр. Турнирде ерлер мен әйелдер арасында Олимпиада ойындарына жолдама таратылады. Бәсекеге еліміздің атынан Нұр-Сұлтан қаласының спортшысы қатысты.

Спортшымыз финалдық кездесуде өзбекстандық Мухабо Магдиевадан 4:2 есебімен басым түсті.

Айта кетейік, Қазақстан қоржынында Токиодағы Олимпиада ойындарына 44 жолдама бар. Олардың арасында төрт жолдаманы елордалық спортшылар жеңіп алды. Қазақстан құрамасының еншісінде Паралимпиада ойындарына бір жолдама бар.